oskemen.vko.gov.kz / Новости
Өскемен қаласы
әкімдігінің ресми сайты

Өскемен қаласы әкімдігінің ресми сайтына қош келдіңіздер!

www.oskemen.kz сайты Өскемен қаласына арналған. Сіз бұл жерден Шығыс Қазақстан облысы орталығына қатысты барлық ақпаратты, күнделікті жаңалықтар, анықтама ақпарат, очерктер және көркем фотосуреттерді таба аласыз. Ары қарай...

Әкім блогы


Омар Жақсылық Мұқашұлы - Өскемен қаласының әкімі

«Киелі Алтайым – Туған жерім» археологиялық жазғы мектептің қорытындысы

Қазақстандықтардың қоғамдық санасын жаңғыртудың ең басты шарты патриотизм іргелі негізі болатын – ұлттық мәдени-генетикалық кодты сақтау болып табылады. Халықтың ұлттық коды туған жерге, оның ішінде туған өлкенің тарихына ерекше қатынас жасау арқылы қалыптасады. Бұл орайда басты ұстаным Мықты мемлекет құрудағы жастардың рөлін және жауапкершілігін арттыру, ұлттық өзіндік сана сезімді қалыптастырудағы мақсатты бағдарлы жұмыс болып табылады. Шығыс Қазақстан барлық жағынан да бірегей ерекше өңір: бұл тек қана елдің табиғи бай әлеуеті ғана емес, инновациялық экономиканың, түсті металлургияның, атом өнеркәсібінің, негізгі тірек нүктесі, сонымен қатар, қола дәуірінен белгілі рухани және саяси қиылысы, дүние жүзі тарихына өшпес із қалдырған халықтар өркениетінің ата тегі. Дәл осы Шығыс Қазақстанда ежелгі қорғандарды қазу кезінде бүкіл әлем ғалымдарын таңғалдырған сенсациялық ғылыми-археологиялық жаңалықтар жасалды. Археология әдістерін зерттеу балалар үшін өте қызықты. Далалық жағдайда оқушылардың өзіндік зерттеу жұмысы білімқұмарлықтың, шығармашылық танымдық бастаманың дамуына ықпал етеді. Балалар дайын ақпаратты тұтынушылар емес, зерттеу процесіне қатысушылар бола алады, тарихи білімді өз бетінше алады. Қиындықтарды жеңу қажеттілігі алға қойған мақсатқа жетудегі бастама мен табандылықты оятады. Ұйымшыл ұжым жағдайында жұмыс жасау, еңбекке шығармашылықпен қарауға, ұжымдық, жолдастық өзара көмек көрсетуге үйретеді.

 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында оқушыларды археологиялық және өлкетану біліміне араластыру, археологиялық зерттеу әдістемесімен таныстыру, облыстағы дарынды оқушыларды тарих және археология бойынша облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу жобалар конкурсына дайындау, жас ұрпақты туған өлкенің табиғи және мәдени-тарихи мұрасына деген құндылықты қарым-қатынас жасауға тәрбиелеу мақсатында 2019 жылдың 17-23 маусымы аралығында «Киелі Алтайым – Туған жерім» археологиялық жазғы мектеп өткізілді. Іс-шараның бастамашысы-Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов. Ұйымдастырушылар-ШҚО білім басқармасы, Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы.

Археологиялық мектепке ШҚО білім беру мекемелерінің 8-10 сыныптарының 160 оқушысы қатысты.

Археологиялық мектептің жетекшілер құрамында аль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, А. Марғұлан атындағы археология институтының, Нантэ университетінің (Франция) ғылым докторлары, профессорлары болды. Археологиялық мектеп екі бағыт бойынша ұйымдастырылды: Елеке Сазы қорымы (Тарбағатай ауданы), Аблаинкит оқшау бекінісі (Ұлан ауданы). Елеке Сазы қорымы (Тарбағатай ауданы):балаларға қорған қазу орнында тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих және археология кафедрасының меңгерушісі, археолог Ғани Қалиханұлы Омаровпен танысуға және сұхбаттасуға мүмкіндік туды.Жас археологтар Елеке Сазы қыратының екі қорғанын қазу жұмыстарына қатысты. Мектеп қатысушылары ежелгі түркі мен сақ дәуірінің бірегей олжасы 18 жасар ханшайымның моласымен танысты. Мектеп аясында «Далалық құжаттарды жүргізу ережелері және түрлері», «Археологиялық ескерткіштердің түрлері және оларды зерттеу әдістемесі, «Археологиялық кешендерді, ескерткіштерді белгілеу», «Археологиялық қазба әдістері»; «Негізгі археологиялық ұғымдар»; «Тарбағатай ауданының тарихы», «Шығыс Қазақстанның археологиялық мәдениеті», «Археологиялық жіктеу әдістері мен түрлері», «Археологиядағы интерпретация» атты оқу-тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылды. Танымдық және қызықты саяхаттардан басқа, балаларды мәдени ойын-сауық іс-шаралары күтіп тұрды. Қатысушылар Тарбағатай ауданының өлкетану мұражайына, «Дала даналары» кітапханасына барып, сирек кездесетін қасиетті кітаптармен танысты, «Мәңгілік ел» саябағында және киелі жер рухани ағартушы Әулие Ырғызбай Досқанұлының мәдени-тарихи ескерткішінде болып қайтты. XVII ғасырдағы Аблаинкит оқшау бекінісі (Ұлан ауданы): Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері, «Археологиялық сараптама» ЖШС аға ғылыми қызметкері Ерлан Сатыбалдыұлы Қазизов пен Нантэ университетінің (Франция) тарих және география профессоры Марк-Оливер Перудің жетекшілігімен жас зерттеушілер бекіністің сыртқы және ішкі қабырғасы бойындағы қазба жұмыстарына қатысты. Балалар археологтармен бірге мұнда Қытай стиліндегі айдаһар мүсінін, сондай-ақ олар бекіністі әшекейлеген көптеген керамикалық артефактілерді тапты. Шатырды ұстап тұрған тас бағаналарды қазу кезінде лотос пен лалагүл оюлары бар плиткалар табылды. Балалар бұйымдардың сапасын және олардағы лазур түсті ою-өрнектерді зерттеді. Бұдан басқа, бірлескен жұмыс барысында форфор ыдыстар, будда рәсімі бойынша құрбандыққа шалынған жануарлар сүйектерінің қалдықтары, ағаш және темір құрылыс материалдары мен басқа да заттар табылды. Атап айтарлығы, бекіністегі қазба жұмыстарын жүргізу барысында балалар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының деректі фильміне қатысты. Жазғы мектеп бойы балалармен тарих мұғалімдері жұмыс жасады. Мектепке қатысушылар «Археологиялық ескерткіштердің түрлері және оларды зерттеу әдістемесі», «Археологиялық кешендер, ескерткіштер», «Археологиялық қазба кезеңдері», «Негізгі ұғымдар», сондай-ақ Ұлан ауданының тарихы мен Шығыс Қазақстанның археологиялық мәдениеті туралы дәрістер тыңдады. Балалардың бос уақытында Алғабас ауылының маңайының жер тарихымен танысу мақсатында экскурсия өткізілді, Аблаинкит бекінісі туралы көптеген аңыздарды естіп білді. Мектеп аяқталғаннан кейін балалар үшін археологтардың қатысуымен қорытынды конференция ұйымдастырылды. Конференция аясында балалар «Бекіністі қалпына келтіру бойынша эскиздер», «Аблаинкит бекінісі құрылысының тарихы», «Қазақ-жоңғар қатынастарының тарихы» атты жоба жұмыстары мен «Қазақстан археологиясы», «ШҚО археологиясын зерттеу тарихы», «ШҚО атақты археологтары» тақырыбына рефераттар дайындап, қорғады. Мектепке қатысушыларды дәстүрлі түрде археологтар қатарына қабылдады. Археологиялық мектептен балалардың жадында ұмытылмастай естеліктер қалды. Мысалы, Үржар ауданының оқушысы Айтқұрманов Санжар: «Мен осы ұйымдастырылған археологиялық мектептен көптеген тың мағлұматтар алып, өзіме жаңа достар таптым. Туған жерімнің тарихы жайлы білімімді толықтыра түстім. Бұл болашағы зор, келер ұрпаққа берері көп пайдалы іс», - деп өз ойын білдірді.